ҒАРЫШКЕР АҒАМЕН КЕЗДЕСУ
Есіл қалалық №3 орта мектебінде Кеңес одағының батыры, халық қаһарманы, ұшқыш, ғарышкер Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтың оқушылармен кездесуі өтті. Қаһарман ағамыз ауданымыздың әкімі Балжанов Серік Мырзасеитұлымен бірге арнайы келді. Төрт жүз қазақ баласы білім алып жүрген ғимараттың технология, спорт т.б. сабақтар өтетін орындарындағы жабдықталуға тәнті болған қонақтарымыз қазіргі жас буынның сапалы білім алуға мол мүмкіндіктері бар екенін атап өтті.
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», - демекші, батырлығы мен ерлік істеріне әлем сүйсінетін ғарышкер ағаның ғибратты сөздерін тыңдап, көңіліне тоқыған балалар өздерінің көкейлеріндегі сұрақтарына да жауап алып үлгерді.
Асыға күтіп отырған оқушылар еңсегей бойлы ер ағамызды мәжіліс залын дүр сілкіндірген зор қошеметпен қарсы алды. Әр сөзін аса ыждаһаттылықпен тыңдап, олардан өз өміріне айқын бағдар алуға тырысатындары байқалды. Кездесу соңында әр сынып оқушылары рет-ретімен естелік суретке де түсіп үлгерді.
Батырлық пен батылдықтың үлгісі Тоқтар Оңғарбайұлының мектебімізге ат басын бұрып, оқушыларымыздың тәлім-тәрбиесіне қосқан зор үлесі үшін ұстаздар ұжымы үлкен алғысын білдіреді.